«Көксерек» шығармасы бойынша жағдаяттық кейске құрылған пікірталас оқушылардың дәлелді сөйлеу дағдыларын дамытуға қалай ықпал етеді?
Аннотация: Ұсынылған мақалада мұғалім педагогикалық іс-тәжірибесін зерттеу нәтижесімен бөліседі. Қазақ тілі екінші тіл болып оқытылатын сыныпта «Көксерек» шығармасы негізінде оқушылардың зерттеушілік және сенімді сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған іс-әрекеттегі зерттеуде кейс әдісін пікірталас әдісімен кіріктіре қолданудың тиімділігі зерделенеді. Зерттеу қорытындысы негізінде құрылған сабақта оқушылардың ақпараттарды іріктеу, байланыстыру, талдау секілді зерттеушілік дағдыларын дамытуда кейс әдісі мен дәлелді сөйлеу дағдысын дамытуда пікірталасты қолданудың тиімділігі жоғары деген қорытындыға келеді.
Кілт сөздер: сауалнама, кейс әдісі, жағдаят, пікірталас, рөл, сот-сабақ, бағалау, зерттеу
Еліміздегі білім беру бағдарламасы бойынша орыс сыныптарында оқылатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту әдістемесі тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым секілді төрт тілдік дағдыны дамытумен қатар, қазақ тілінің грамматикасы мен қазақ тілінде жазылған көркем шығармаларды меңгертуді мақсат етеді. Қазақ тілі екінші тіл ретінде оқылатын сыныптарда көрініс табатын басты мәселелер деп оқушылардың сөздік қорының аздығы, грамматикалық бірліктерді қате қолдану, сенімсіз дәлелдер, психологиялық жай-күйіндегі сенімсіздік, үрей, ұялшақтық секілді сезімдердің орын алуы ықпал етеді. Осы орайда 9-орыс сынып оқушыларының академиялық сөздік қорын және өз көзқарасын сенімді аргументтермен дәлелдей алу дағдыларын дамыту қажеттілігі туындады.
Оқушылардың көзқарасын сенімді дәлелдей алу дағдылары неліктен маңызды? Назарбаев Зияткерлік мектептерінің сыртқы жиынтық бағалау емтиханында оқушылардың оқылым және жазылым компоненттері бойынша өз ұстанымын білдіре алуы, оны сенімді аргументтермен дәлелдей алу дағдылары бағаланады. Іс-әрекеттегі зерттеу аясында 9-сыныптардың 26 оқушысынан алынған кіріс сауалнамасының қорытындысы бойынша оқушылардың өз көзқарасын дәлелдеуде «тақырыпқа қатысты сенімді аргументтер келтіру», «дереккөздерден қажетті ақпаратты іріктеу», «аргументтерді өзара байланыстыра алмау», «ойды әсерлі жеткізуге ықпал ететін көркем сөз қорының аздығы» секілді қиындықтарды көрсеткен. Ал өз ойын ауызша білдіру кезінде оқушылар ұялу, ашуланшақтық секілді эмоциялардан қарағанда 12 оқушы қобалжу, 14 оқушы қорқыныш, 16 оқушы сенімсіздік секілді жағымсыз эмоционалды қиындықтарды басынан өткереді. Ситуацияны пікірталас, рөлдік ойын, кейстер арқылы талқылаған ұнайды екен.
Сауалнамадағы оқушы «үнін» негізге ала отырып, оқушылардың дәлелді сөйлеу дағдыларын дамытуда пікірталас пен кейс әдісін кіріктіре қолдануды шештім. Іс-әрекеттегі зерттеу бойынша сабақтарды жоспарламас бұрын алдымен «пікірталас және кейстің оқытуда қолдану тиімділігі қандай?» деген сұраққа жауап алу мақсатында ғылыми еңбектер зерделенді. Пікірталас- даулы мәселені түрлі көзқарастар тұрғысынан салыстыру, талдау, зерттеу арқылы шынайы пікір білдіре отырып, мәселені шешу болып табылатындықтан, мәселені жан-жақты талдуда алған білімнің ұзақмерзімді болуы, оқушылардың өзара қарым-қатынасы, пікірлерін өзара толықтыру олардың сенімділігін арттырады екен. [1] Ал кейс әдісінің тиімділігі өмірлік жағдаяттарды талқылау кезінде білімінің толығуы, ақпаратты іріктеу, талдау дағдысын дамыту арқылы оқушылардың өзіндік белсенді әрекеті ұйымдастырылатындығы болып табылады. [2]
Қазақ тілі екінші тіл болып саналатын 9Е сыныбында «Жағдаяттық кейс әдісі арқылы пікірталаста көзқарасын сенімді дәлелдеу дағдыларын дамыту» деген кәсіби даму мақсаты аясында кейс және пікірталас кіріктіре қолданылатын іс-әрекеттегі зерттеу сабағын өткізу жоспарланды. Зерттеу сабағы «Жер планетасы және адамзат» тарауы бойынша М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасымен байланыстырылып, «Пікірталасқа қатысушылар берілген тақырып бойынша өз пікірлерін сенімді дәлелдеу және қойылған сұрақтарға еркін жауап беру» деген оқу мақсатына құрылды. Т2 сыныптарында көркем шығармаларды меңгерту үлкен дайындықты қажет ететін болғандықтан, алдыңғы сабақта «Көксерек» әңгімесі бейімделіп, сөздікпен жұмыс түрлері жасалынып, шығарма мазмұнын меңгеру жұмыстары жүргізілді. Зерттеу сабағына қажетті ресурстар мазмұны биология, этнография, қазақ әдебиеті пәндерімен байланыста құрылды.
ХХІ ғасырың басында туған балалар Z ұрпақтары деп саналады, өйткені олар ғылым мен технология дәуірінде туғандықтан, сандық технологияға қызығушылығы жоғары. [3] Осыны ескере келе оқушылардың қызығушылығын ояту және шығарманың мазмұнын еске түсіру үшін сабақтың басында www.liveworksheets.com онлайн қосымшасы арқылы оқушылар өз телефондарынан тақтада көрсетілген QR кодты сканерлеу арқылы шығарма мазмұнына сай келетін 4 ақпаратты анықтап, әр оқушы бірден өз нәтижесін көруге мүмкіндік алды. Ал тапсырманы интерактивті тақтада орындайтын оқушы https://flippity.net қосымшасындағы рандом арқылы таңдалды. Жоспарлауда болжағанымдай оқушылар бұл тапсырма түрін қызығушылықпен еш қиындықсыз орындап, жақсы нәтиже таныта алды. Ал тақтадағы оқушы өз нәтижесін тексеру кезінде 1 ақпараттың қате екенін байқады. Аталған платформа сабақтарымда жиі қолданылатындықтан, тапсырманың нәтижесіне қарай оқушылардың шығарма мазмұнын жақсы меңгергендерін байқауға болады.
Сабақ мақсатын анықтауға оқушылар қалай қатыстырылды? Сабақта оқушылар алда тұрған мақсаттың мәнін түсініп, оған жету үшін не істеу қажет екенін анықтай алған жағдайда ғана оқу мақсатына қол жеткізеді. Сондықтан да оқу мақсатынан күтілетін нәтижені, яғни бағалау критерийлерін жай ғана хабарлаудан гөрі, оқушылардың өздеріне талқылатуды жоспарладым. Неге десеңіз, бағалау критерийлерін оқушылармен бірге талқылау олардың өз біліміне деген жауапкершілік сезімдерін оятып қана қоймай, іріктелген бағалау критерийлерінің оқу мақсатымен байланысын дәлелдейді. Оқу мақсатынан күтілетін нәтижені түсінгендіктен, сабаққа да белсенді қатысады. Оқушылар оқу мақсатына сай келетін екі бағалау критерийін дұрыс анықтап қана қоймай, олардың оқу мақсатымен байланысын дәлелдей де алды.
Сабақтың негізгі кезеңін жоспарлауда «Оқушыларды оқу үдерісіне тарту үшін қандай әдістер мен ресурстар тиімді болады?» деген сұрақ туындады. Ойлана келе, сабақты сот-сабақ түрінде өткізуге тоқталдым. Ол үшін сот-сабақта талқыланатын мәселені кейс арқылы берген дұрыс деп танып, сотқа шағымданушы адамдардың атынан шығарма мазмұны негізінде шағын кейс әзірленді. Сот процесі болғандықтан, оқушылар пікірталас арқылы шығармадағы адам мен қасқырлар тобы болып өз мүдделерін қорғайды деп жоспарланды. Осы орайда бұл тапсырма түрін қалай орындатқан нәтижелі болады деген сауалға ойлана келе, оқушыларды тілдік деңгейлеріне қарай 3 топқа алдын-ала бөлдім. «Көксерек» және «Адамзат» топтары тілдік деңгейі жоғары, орта болатын 5 оқушыдан топтастырылды, өйткені топтағы оқушылар топтық талқылау және топ алдында сөйлеу кезінде бір-біріне өзара қолдау көрсетеді деп жоспарланды. Ал адам мен қасқырлар арасындағы араздықтың туындау себептері мен салдарын және кінәлі тарапты анықтап, үкім шығару, адам мен қасқыр арасындағы араздықты болдырмауға және табиғат заңын бұзбауға қатысты шешім ұсынатын «Сот» тобына тілдік деңгейі жоғары 3 оқушы таңдалды. Біріншіден, сот-оқушылар екі тарапқа ұсынылатын қосымша ресурстармен жұмыс жасайды. Екіншіден, екі тараптың дәлелдемелерін тыңдайды, дәлелді үкім шығарады және мәселені оңтайлы шешудің тиімді жолдарын ұсынулары қажет болады.
Әр топ өз мүдделерін қорғауда аргумент ретінде қолдана алуы үшін түрлі ресурс көздерінен қасқырдың биологиялық ерекшелігі, қасқырға қатысты қазақ танымындағы ұғым-түсініктер туралы ақпараттар жинақталып, бейімделді, іріктелді. Сабақта бірден топтық талқылау және аргументтерді іріктеу, өзара байланыстыра алу жұмыстарымен айналысуға кірісуі үшін оқушылар жинақталған ресурстармен «Төңкерілген сынып» әдісі негізінде алдын-ала үйде танысып келді. Бұл — сабақта уақытты тиімді қолдануда таптырмас әдіс, себебі негізгі уақыттың көп бөлігі оқушылардың мәтіндермен танысып, түсінулеріне емес, зерттеушілік бағыттағы жұмыстармен айналысуға жұмсалады. Оқушылар алдыңғы сабақта қандай ресурспен жұмыс жасайтындықтарын біліп келетіндіктен, психологиялық жағдайы да тұрақты болады, сәйкесінше сабақта сенімді әрі белсенді әрекеттеседі. Сонымен қатар қазақ тілі екінші тіл болып оқылатын сынып екендерін ескере келе, оқушыларға тілдік қолдау көрсету мақсатында сынып қабырғаларына тақырыпқа қатысты шығарма сюжетін еске түсіретін суреттер мен сөз тіркестері және мақал-мәтелдер ілінді. Оқушыларға таныс емес сөздер ресурстардың ішінде синонимі және аудармасымен берілді. Әр топқа қосымша материалдар, көркем шығарма және тапсырма мен дескрипторлар таратылды.
Іс-әрекеттегі зерттеу тақырыбына қатысты ғылыми еңбектерге шолу жасауда Колумбиядағы Ла Сабана университеті зерттеушілерінің студенттердің аргументтеу дағдыларын дамытуда кесте-органайзерлерді қолдану тәжірибелеріне сүйене отырып, топтағы оқушылардың өз мүдделерін қорғауы үшін жетекші сұрақтар және ресурстар мен көркем шығармадан ұстанымдарына дәлел болатындай іріктелген аргументтерді түртіп алатын, әр жүйелі сөйлеулеріне көмек болатын кесте-органайзер құрастырылды. Сабақ кезінде тілдік деңгейі төмен оқушыларды қолдау мақсатында өз көзқарасын ауызша дәлелдеуде қолдана алатын клишелер мен сөз тіркестері ұсынылды. Әр топтың ішінде топтық жұмысты ұйымдастыратын топ көшбасшылары тағайындалды. «Адамзат» және «Көксерек» тобының топ басшылары бірден сұрақтарды талқылап, екі сұрақты топтағы екі оқушыға бөліп беріп, қалған бір сұрақты өзі талқылауға кірісіп кетті. Мысалы,«Адамзат» тобына «Қасқырдың күшіктеріне неге қиянат жасадыңыздар?», «Ауылда Көксеректен қандай зиян көрдіңіздер?», «Адамдар қасқырларға қандай мейірімділік көрсетті?» деген жетекші сұрақтарға топ өз мүдделерін қорғауда шығармадан күшіктер өссе, ауылдың адамдар мен малдарына қауіп төнетіндігін, Көксеректің ауыл малдарына жасаған шабуылын, ауыл иттерін қорқытқанын, Құрмаштың жасаған қамқорлықтарын қосымша ресурста берілген қасқыр аулайтын аңшылардың күшіктің біреуін тірі қалдырып кететін себебі — аң да болса баласыз қалмасын деген аяушылық сезім көрсеткендерін дәлел ретінде ұсынды. Ал «Көксерек» тобының дәлелдері әлдеқайда сенімді әрі шығарма мен қосымша ресурстарды өте жақсы байланыстыра алуымен ерекшеленді. Мысалы, бұл топтың оқушылары өз мүдделерін қорғауда қасқырдың өз жемтігін өзі тауып жейтіндігін, үй жануары бола алмайтындығын, ит сияқты еркелей білмейтіндігін, ол еркіндікті қалайтын аң екендігін, тіпті циркте де қасқырдың ешқашан үйретілмейтінін шығармадағы адамдардың қасқырларға жасаған озбырлықтарымен байланыстыра отырып, Құрмашты өлтіруінің себептерін бөлтірік кезінен адамдардан көрген жамандығын, Құрмаштың оны үй жануары еткісі келгендігін, бөлтіріктеріне жасаған қатыгездіктен туындаған кек қайтару деп түсіндіріп, өз ойларын «Қасқыр байлағанға көнбес, шошқа айдағанға көнбес» деген мақалмен түйіндеді.
Екі тараптың да пікірлерін тыңдаған «Сот» тобы табиғат заңдылығының бұзылуына кінәлі тарап «Адамзат» тобы деп таныды, оны шығарма мазмұнымен байланыстыра отырып дәлелдеді. Адам мен қасқыр арасындағы араздықты шешудің тиімді жолдары ретінде, адамдардың қасқырларға жасаған қиянатын кешіру үшін өтемақы ретінде қасқырларға бір-бір қойдан беру және қасқырларға інге жақын ауылдардың малына шабуыл жасамай, қорғауды, ал адамдарға қасқырдың апаны бар аймақтардан алыс қоныстануды ұсынды.
Сот-сабақ соңында тараптардың сот үкімімен келісетін-келіспейтіндіктерін анықтау үшін, бағдаршам әдісі қолданылды. Егер келіскен жағдайда қолдарындағы жасыл түсті, келіспесе, қызыл түсті көтеру тапсырылды. «Адамзат» тобындағы бір оқушы қызыл бағдаршамды көтеріп, сот үкімімен келіспейтіндігін білдірді. Алайда сот тобындағы Даяна деген оқушы адамды қасқырдан ерекшелейтін оны санасы екендігін, бірақ олардың қасқырдың ешқашан да қолға үйретілмейтін аса қауіпті жыртық екендігін біле тұра жасаған әрекеттерін ақтауға болмайтындығын алға тартып, бөрінің баласын қанша асырасаң да, ит болмайтындығын айтып, үкімдерінің әділ екендіктерін дәлелдеді.
«Көксерек» тобындағы бір оқушының ресурстардан ақпарат іріктеумен және топтық топтық талдауда аса белсенділік танытып отырмағанын байқадым. Бұдан қандай ой түйдім? Келесі сабақтарда топтық жұмыста оқушылардың мотивациялық типтерін ескере отырып, жеке тапсырмалар беру қажет. Сыншы досыммен сабақты талдау барысында кесте-органайзерді қолдану оқушылардың жүйелі зерттеу жасауына, көзқарастарын дәлелдеуіне, пайымдауларын негіздеуде тиімді құрал болатындығы туралы ойым нәтижесін көрсетті, сондықтан да кесте-органайзерлерді түрлендіріп қолдануды сабақтарыма жиі енгізетін боламын.
Оқушылардың зерттеу әрекеті топтық жұмыс арқылы ұйымдастырылғанымен, өзін-өзі бағалау тиімді деп танылды. Неге десеңіз, топтық бағалауда топтағы әр оқушының үлесі байқалмайды, бұл бағалаудың сындарлы болғанына күмән туғызады. Сондықтан да бағалау критерийлеріне орта, төмен, жоғары деңгейлі рубрикаларға құрылған бағалау парағы әзірленді. Әр оқушы рубрикалардың көмегімен топтағы өзінің үлесін нақты бағалайды және біліміндегі олқылықтарды көре алады. Мирас деген оқушы «Сұрақтарға қатысты дәлелдерді дұрыс іріктейді» деген бағалау критерийі бойынша өзін «орта» деп бағалаған. Оның себебін дәлелді шығармадан ғана алғанын, қосымша ресурстан аргумент келтірмегенімен түсіндірді.
Сабақтың рефлексия кезеңінде https://docs.google.com/forms қосымшасы арқылы оқушылардың барлығының жауаптарын бірден тақтадан көрінді. Оқушылардың көбісі ресурстардан өз көзқарастарынақатысты аргументтерді өзара байланыстырудың қиынырақ болғанын көрсеткен. Оқушылардың 85 пайызы осы сабақта сенімді сөйлеуде ресурстардың және сынып қабырғаларында ілінген ресурстардың көмегі болғанын, ал сөйлейтін сөздерін жүйелеуде кесте-органайзердің көмегі зор болғанын айтты.
Қорытындылай келе, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда ерекше форматтағы сабақтар ұнайтындығын байқадым, сабақтың шынайы өмірмен байланысты болуы үшін өмірлік жағдаяттарды кейс түрінде ұсынып қана қоймай рөлдік ойындар арқылы пікір таластырудың оқушылардың сенімді сөйлеу дағдыларын дамытуда маңызы зор.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Салиева З.И. «Дискуссия как один из методов формирования навыка говорения на уроках английского языка»
- НазароваС.Н. «Применение метода кейса в обучении»
- https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9F%D0%BE%D0%BA%D0%BE%D0%BB%D0%B5%D0%BD%D0%B8%D0%B5_Z
«КӨКСЕРЕК» ШЫҒАРМАСЫ БОЙЫНША ЖАҒДАЯТТЫҚ КЕЙСКЕ ҚҰРЫЛҒАН ПІКІРТАЛАС ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДӘЛЕЛДІ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУҒА ҚАЛАЙ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ?
Сулейменова Мейрамгуль Мейрашовна
Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымының магистрі
Қарағанды, Қазақстан





